Мектеп тарихы » №34 жалпы орта мектебі
Түркістан облысы
Жетісай ауданы білім бөлімінің
"А.Молдағулова атындағы
№34 жалпы орта мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72) 43-50-93
Нашар көрушілер
нұсқасы
03
сентябрь
2018

Мектеп тарихы

Ұлттық  мектеп – рухани құндылықтар тірегі
Тәуелсіздік туы желбіреген қазақ елінің ертеңі – бүгінгі жас ұрпағы.  Сол жеткіншектердің  білім нәрінен сусындауы, тәлімді тәрбие алуы, соның нұр сәулесін шамшырақтай шашып, бала бойына сіңіретін қасиетті де құдіретті мекен – мектебі мен жастарды жанындай сүйетін мейірімді мұғалімдер екені даусыз. Сондай мақтаулы мектептердің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданы «Кетебай» ауылындағы  Ә. Молдағұлова атындағы №21 жалпы орта мектебінің құрылғанына биыл 50 жыл толып отыр. Киелі қара шаңырақтың осындай құрметті атаққа ие болуы – қаншама ұстаздардың өткен өмірі, еткен еңбегі, берген білімі.  1959 жылы «Красная звезда» совхозының 6- бөлімшесі болып құрылған ауыл ортасынан «Білім ошағы» бой көтерді. Бұл 1960 жылы – тұңғыш ашылған «Қарақай» бастауыш мектебі болатын. «Алтаудың алауыздығын емес, төртеудің түгелдігін» көрсеткен білім ұясының директоры әрі мұғалімі – Мұса Көпеев. Мұғалімдерінен қолдау тапқан басшы 1963 жылға дейін саналы ғұмырын шәкірттерге арнады. Оқытудың қыры мен сырын ауылдастарына үйреткен ұстаздық еңбегі ерекше ел есінде қалды.
Уақыт өткен сайын ауыл реңі жаңарып, толыға түсті. 1963 жыл мектеп – 8 жылдық болып өзгерді. Оқушы саны да мұғалім саны да арта түсті. Өз ұлтының рухани құндылықтарын, ізгі қасиеттерін бойына сіңірген, өз жері мен елін қорғай алатын ұлтжанды, жоғары мәдениетті адамды тәрбиелеудің негізгі көзіне айналған, ұлттық негізде құрылған қазақ мектебі болды. 
1968 жылы орта мектеп дәрежесін иеленген мектеп мұғалімдердің басшылығымен жас ұрпаққа білім беретін, ұлттың тәрбие мәселелерін жүзеге асыратын оқу – ағарту жүйесінің негізгі буыны еді. Осындай ұлттық мектептің басшылығына қажырлы еңбегі мен қабілет – қарымының арқасында небір биік белестерді бағындыра білген абыройлы ұстаз – Үсенбаев Әбдіғали келді.
Бұл 1963 – 1973 жылдар аралығы болатын. Ұстаздың асыл мұраттарының бірі – туған өлкенің көркеюі, мектеп ауласының көгалдануымен, ата -баба салтымен, дәстүрімен нәр алған ұлттық сана –сезімі қалыптасқан. Ұлттық намыс, ұлттық мақтаныш, ана тілі мен ұлттық мәдениетінің құрметтеу сезімі қалыптасқан шәкірттерді тәрбиелеу болды. Осы мақсатқа өз ұжымын да бейімдей алды. Сол мектептен сапалы біліммен қаруланған қаншама түлектер қанат қақты!?
Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы:  «Мектеп-оқу таза ана тілінде жүретін ұлттық мектеп болуы керек,ондағы оқу мазмұнын халықтың тілінен,баяғыда бірге жасасып келе жатқан салт-дәстүр,тәрбие жол-жосығымен, бостандыққа ұмтылған мақсат-мұраттарымен, етене қабысып жатуы.Заманға сай білім беру керек» деген өрнекті тұжырымын білім беру ісінде өзек еткен тәжірибелі ұстаз – Тұрғанов Амантұр ұзақ жылдар директор болып жемісті қызмет атқарды.Биік тұлға өзіне міндеттелген жауапкершілікті мінсіз орындады. Мінезі жайсаң жан үлкенді де, кішіні де бағалай білді.Уақыт талабына сай қай кезеңде болсын қоғам алдындағы,адамзат алдындағы тарихи міндетті – білім беру мен тәрбие беруді шығармашылықпен ұштастыра алды.
Ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» дегені мәлім. Педагогикалық іс-тәжірибесінде «мектептің жүрегі»атанған ұлағатты ұстаздар-Мұса Көпеев, Дәулет Демеубаев, Орақ Қаратаев, Ешмұрат Мұстафаев, Нұрмұхан Қаспаев, Әбжан Бақтыбаев, Рысқұл Дияров, Сүтбай Шагиров, Қуанғали Қалағанов, Әбсен Сахов, Дүйсенбек Мәтжанов сынды аяулы азаматтарға
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында із қалдырған» деген осы қанатты сөз арналғандай.
Адамның өзін қоршаған ортада, әсіресе,әріптестері мен жолдас – жораларының арасында, отбасында ардақты азамат болып ауызға ілінді,құрметке бөленді,сый –сияпатқа ие болды, беделінің биіктеуі оның адамгершілігіне, білімімен біліктілігіне, тәлім-тәрбиесіне, өнеріне тағы басқадай тамаша қызметтеріне тікелей байланысты болды.Осындай ірі де іргелі, ірі де ілтипатты тұлғалар - асыл ана, мейірімді ұстаздар – Нарзан Ереханова,Үмітай Өмірбаевалардың жарқын бейнесі әрбір шәкірттің жүрегінде мәңгілік сақталары анық. 
Өз ісінің білгірі атанған – Зейнеткер ұстаздар Аманқос Сүлейменова, Жаңыл Тәжіғұлова, Зоя Шүренбаева, Алма Әбдіровалар – өзінен кейінгі ұрпаққа, оқушылары мен мұғалімдеріне, балаларына, туған- туысына қарым –қатынаста, іс-әрекетімен, еңбегімен, қызметімен, адал қасиетімен ардақты да үлгі –өнеге болып отырған жандар.
Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған келесі мәселе – білім беру, ғылымды дамыту. Өркениет біткеннің өзегі білім, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Осы орайда білім ордасы –мектеп. Сол мектептің жаны бола білген «Оқу ісінің үздігі», математика пәнінің мұғалімі, бүгінгі зейнеткер- Ізбаев Бердібай
Оқу ісінің меңгерушісіне дейін көтерген жылы жүзді жайдары жанға қай –қайсысымыз болсын борыштар екеніміз рас. Ұстаз өзінің теориялық білімін өмірімен қанаттандырды. Мемлекеттік стандарт талаптарын орындауға ерекше көңіл бөлетін ол, шығармашылықпен жұмыс жүргізетін «үлгілі ұстаз» атанды. Қыруар еңбек өз нәтижесін берді. Мұғалім аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Қазіргі кезде мектеп өмірімен тығыз байланыс орнатқан зейнеткер- ұстаз ақыл-кеңесін беруден аянбай –ақ келеді.
Бұл уақыттағы оқу ісінің меңгерушісі, ұстазы, аймақтағы алғашқы білім қарлығаштарының бірі, әрі бірегейі «Оқу ісінің үздігі», тұла бойы тұнған ізгілік, ұлағат, ғұмырының соңына дейін осы мектепте қызмет еткен марқұм -Сүлейменов Қуатбай
Өмірінің ең шуақты, шұғылалы шақтарын шәкірттеріне арнай отырып, өзі де тәжірибе жинап шыңдалды.Ізденіс пен шығармашылық еңбегінің арқасында жастарға үйретуші білікті маман, шебер ұстаз деңгейіне көтерілді. 
Сонымен бірге үлкен- кішіге мейірбан, кішіпейіл, ұстамды мінезімен өз ортасында сый -құрметке бөленген жан болатын. Аяулы ұстаз - Нұржан Тәңірбергеновпен рухани үндестігі сондай – сабақ үстінде мазмұны жағынан, құрылысы жағанан үйлесетін, поэзиялық туындыларды,  Мысалы, Пушкин мен Абайды, Абай мен Лермонтовтың және Ахмет пен Крыловтың өлеңдерін жиі қолданатын. Соларды талдау арқылы екі халықты бір-біріне табыстырып, жақындастырып оқушыларды да достыққа, туыстыққа шақыратын. Ел қалаулысы өзінің 35 жыл педогогикалық қызметін осылайша жемісті өткізді. Ауыл ортасында орналасқан зәулім мектеп, ауыл жанарын көріктендіре түсті. Мектептің ашылу салтанатына қатысқан бұрынғы облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев, Аудан әкімі Омархан Нұржанов және ауданымыздың оқу бөлімінің бастығы- М.Ырсымбетов,мектеп директоры- Нұржан Тәңірбергенов мырзалармен бірге жұптары жарасымдылық тауып, сырт көз қызығарлықтай, тіптен, қызғанарлықтай қарап еді-ау, шіркін!
Бұл тойды ауыл басшысы Сәду Бекенов пен ауыл ақсақалдары Құрбанбай Ереков, Өтен Дәулетов, Әшірбай Ереков, мектебіміздің білікті ұстазы Бердібай Ізбаев сынды абыройлы жандармен бірге қатар жүріп, қошемет көрсетті, мектеп өмірі үшін жан салғаны бәрінің көз алдында. 
Жаңа ғимарат 2006 жылы іргетасы қаланып, 2007-2008 жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Арманына қанат қаққан алғашқы түлектер тәуелсіз мемлекеттің құрдастары. Демек, білім ордасының 50 жылдан астам тарихи ғұмырнамасы бар. Ал бұл күнде 50 мұғалім қызмет істеп, олар 400-ден астам оқушыларға білім берумен айналысып жүр. 
Тәуелсіз еліміздің дамыған өркениетті 50 елдің арасынан орын алуы бүгінгі жас ұрпақтың ұлттық тәрбиемен алатын тиянақты біліміне тікелей байланыстылығын, зерделеген текті де жайсаң, өнегелі де өрісті тұлға – қазақ ССР білім беруінің үздігі Тәңірбергенов Нұржан Ысмайылұлы1985-2010 жылдар арасында мектеп директоры деген лауазымға сай қызмет атқарды. Осы жылдары ол үшін әдістемелік жағынан шыңдалу мектебі болды.
Мектептің материалдық-техникалық базасының нығаюына маман кадрлармен толықтырылуына көп еңбек сіңірді. Әрбір пән бірлестік жетекшілерінің сала бойынша істеліп жатқан жұмыстарын, алда тұрған міндеттерін нақтылап, оқу саласындағы жетістіктерге ғылыми тұрғыдан талдау жасап отыратын. Рухани ұлттық қабілеттілікке жараған – білім ғана ең мықты білім, рухани ұлттық тәрбие нәрімен сусындаған ұрпақ қана – болашақты гүлдендіріп, тәуелсіз елді нығайтушы ұрпақ. Бұл бүгінгі мектебіміздің маңызды міндеттерінің бірі,- деп отыратын.Жоғарыдағы мәртебелі міндетті арттыруда абыройлы жұмысымен ел алғысына бөленген мектеп басшысының ұрпақ тәрбиесінде, мектеп тарихында жарқын бейнесі, жаңғырған үні, алтындай қолтаңбасы бар.



Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәлім –тәрбие беру оңай еместігін,ұстаздық кәсіп емес,жүрек қалауы екенін танытқан,ұлағатты ұстаз – Базаркүл Әбжанова. Ұстаздық жолын 1970 жылдан бастап, бастауыш сынып мұғалімі өз ісіне жүктелген жауапкершілікті жете сіңірген, шәкірттер сенімінен шыға білді. Мұғалімнің шығармашылық зертханашысы ойдағы жинақталған әдістемелік тартпа материалдар мен буклеттер жас мамандардың асыл қазынасына айналды. «Талабың таудай болсын!» деген ұстазынан алғыс алған шәкірттері, ұстаз мерейін асқақтатып жүр.
Саналы ғұмырын мектеп өміріне арнаған, өз кәсібінің шебері, өлшеусіз еңбегі бағаланып, аудандық білім бөлімінің бірнеше мақтау қағаздары мен марапатталуы- ұстаз жемісі.
Осы мектептің түлегі, үздік диплом иесі, мектептің тірегі де тіреуі де бола білген, ізденімпаз ұстаз – Балжан Құрбанбаева бүгінгі оқушының ертеңгі ел азаматы болып, өсуімен азаматтың жеке тұлғаласының қалыптасуына,  білімді де білікті буын даярлауда шынайы маман екендігін мойындатты. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өз ісінің білгірі, өнерлі де өнегелі жан – шығармашылық орта жасай отырып, бірлестік жетекші қызметін атқара жүріп, педагогтердің, әсіресе, жас ұстаздардың жұмыс сапасын арттыруға, олардың кәсіби шеберлігін көтеруге, ат салысып келеді. Сан мыңдаған түлектер қатарына ғылыми зерттеу жұмыстары мен шұғылданып жүрген шәкірттерінің бірі – Бердиева Меруерт ұстаз қуанышы. Еңбек жолын 1974 жылдан бастаған бастауыш сынып мұғалімі, аудан көлемінде бірнеше семинарлар өткізіп, ерекше еңбегі бағаланып, бірнеше рет аудандық білім бөлімінің «мақтау қағаздары» мен «алғыс хаттарымен» марапатталып, тынымсыз еңбегінің нәтижесінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. 
Қазіргі мектеп жағдайында оқыту мен тәрбиенің соңғы тәсілдерін игерген, нақты тәжірибелі іс-әрекет үстінде өзіндік даңғыл жол салуға икемді, шығармашыл педагог – зерттеуші, сондай –ақ интеративті ойлауға қабілеттілігі ерекше, жоғарғы санатты, ойшыл, білікті де білгір маман иесі, физика пәнінің мұғалімі  - Рахима Бекмуханова. 
Білім теңіз, оның тереңін, сипатын жетік білетін, сырын меңгерген құпиясын ашатындар ғана бойлай алады, десек, ондай шәкірттерді дайындап жүрген білікті маман –Рахима Бекмуханова.  Мұғалімнің бір-біріне ұқсамайтын жан –жақты өткізген сабақтары, оқушының білім сапасын көтерудің өзегі болып отыр. Модельдік технология ретингті жүйелі дамыта оқу технологиясы және сын тұрғысынан ойлау сынды жаңа технологиялар мұғалімнің іс-тәжірибесінен кеңінен орын алған. Мұғалімнің ашқан жаңалығы, әдістемелік ізденісі, қолданған әдіс-тәсілдері, қызық сабақтары арқылы ерекшеленіп, шәкірт жүрегінен орын алған. Мұғалім өзінің біліктілігін шеберлігін «Физикадағы биоорганикалық заттар» атты тақырыпта, облыстық семинарда жасаған бағдарламасы және күрделі есептерді шығарудың тиімді жолдары, авторлық бағдарламасының ауданға таратылуы, мұғалімнің беделін арттыра түсті. 
Жаңашыл мұғалім ақпараттық технологияны жан-жақты қолдана алатын ғылымның тың жаңалықтарын ашуға мүмкіндігі бар тұлғаны тәрбиелеп, адам капиталының бәсекеге қабілетттілігін арттыруға өз үлесін қосты. Оның айғағы озат шәкірт бола білген – Бердиева Меруерт физика ғылымының кандидаты дәрежесін иеленгелі отыр. 1978 жылдан ұстаздық еңбек жолын бастаған - Бекмуханова Рахима елдің алғысына бөленіп, ерекше еңбегі бағаланып, облыстық, аудандық оқу бөлімінің «мақтау грамотасымен» марапатталған. Осылайша келешек ұрпақтың білімді де білікті азамат болып қалыптасуына қосар үлесі мол.   
Осы мектептің тарихында мұғалімдік мамандықтың ақ шыңына көтерілген, шәкіртінің биікке көтерілуі үшін шығармашылық ізденіс пен еңбек еткен, абыройылы да білікті ұстаз, жоғарғы санатты мұғалімдер:  Сайын Сармұханов, педагог- психолог Жолжігіт Үсенбаев. 
Ісі мен сөзі, жүріс-тұрысы, тіпті, киім киісі ізгілік тұрғысынан шәкірт жүрегіне өзіндік орын алған, математика пәнінің мұғалімі-Қарлығаш Шабаева. Қазіргі жаһандану заманында «Елім, жерім, тілім» деп соққан зейінді де зерделі ұрпақ тәрбиелеген бастауыш сынып мұғалімі –Нұрбибі Базарбаева. БӘД-ның жоғарғы санатты мұғалімі Құламан Оралбаев, орыс тілі пәні мұғалімі және директордың оқу ісі-жөніндегі орынбасары Юсуп Давлатов. Жоғарғы санатты орыс тілі пәнінің мұғалімі –Роза Қосанова, жоғарғы санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі –Айткүл Құлханова, І санатты мұғалімдер: Анар Имамқұлова, Алтынай Гаюбова, Клара Оразханова, Әсия Тұрыштаева, Дина Көрпелиева, Жанар Мәмбетова, Нархал Әбдиева. Бастауыш сынып мұғалімдері-Қарлығаш Өсербаева, Айгүл Әкімбаева, Жадыра Ізтұрғанова, Жәмила Жұмаханова, Жауан Тайжанова. Технология пәнінің мұғалімі- Бекенова Алтынай. 
Жас та болса өз істерін тиянақты, жауапкершілікпен атқарып жүрген мұғалімдеріміз –Матжан Дүйсенов, Исан Сүлейменов, Ержан Изтурганов, Ақарыс Мәтжанов, Дүйсен Жұмаханов, Шохан Тәңірбергенов, Жақия Қуатбаев, Аманғали Ұлықпанов, Арғынбек Бекмухамедов. 
«Денсаулық ел дамуының басты арқауы» деген қанатты сөзді берік ұстанған, мектеп мейірбикесі Айгүл Бұланбаева оқушылардың денсаулығы үшін аянбай қызмет жасап келе жатқан мейірімді жан. Көп жылдар директордың хатшы қызметін абыроймен атқарған Шынар Махмудова. 
Білім сапасын арттыруға өзіндік үлесі бар, «Кітап - рухани қазына » екендігін дәлелдеп отырған кітапхана меңгерушісі –Еркінай Сағынованың еңбегі өлшеусіз, көптің ілтипатына бөленіп, аудандық оқу бөлімінің «мақтау грамотасымен» марапатталған.
«Болашаққа кемел біліммен!»
Мектебіміз заман талабына сай жабдықталған және оқушыларды оқытумен тәрбиелеуде барлық жағдай жасалған. Мектепте оқу залы, кітапхана, спорт залы, мәжіліс залы, екі компьютер дәрісханасы, дәрігерлік бөлім, асхана, ағаш және тігін шеберханасы, техникалық құралдар кабинеті бар.
Күміс медальдың иегері – Мұхтар Тәңірбергенов 2010 жылдың мамыр айынан бастап, киелі шаңыраққа, әке ізін жалғастырып, жаста болса бас болып, өзі ұшқан – алтын ұяға басшылық қызметіне орналасты.  Мамандығының қыр –сырын терең меңгерген білікті басшыны, әріптестері зор ілтипатпен, құрметпен қарсы алды. Жаңаша оқытудың үрдісін ұстанған, ұлы кәсібіне шын жүрегімен берілген, мамандығын мақтан тұта сүйетін, мақсаты мен міндетін айқындап, жауапкершілігін терең түсінген мектеп директоры- Мұхтар Тәңірбергенов ел мүддесіне, ұлт тәрбиесіне барын салып келеді. Ойы өрісті, тілі шешен, рухы биік, жаны ізгі, білімді де білікті, белсенді әрі іскер азамат мектеп өмірін түбегейлі өзгертіп те үлгерді.
«Болашаққа кемел біліммен»,- деп қоғам талабына сай, сапалы да нәтижелі білім берудің жолдарын іздеген басшының еңбегі көпке үлгі боларлықтай. Терең шығармашылық парасат-пайым, туған ел мен ерге деген шексіз махаббат, ең бастысы, табиғат сыйлаған талант болса керек, білім мен тәрбие беру процесінде жаңаша тұлға екенін мойындатты. Ұлтымыздың рухани жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың «Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік жанымызға қабысатын, үйлестік негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген даналық өсиетін қазіргі жаһандану кезеңінде маңызының зорлығын іс жүзінде өз әріптестерімен бірге дәлелдей алды.  Мектепте білім стандартына лайықты мұғалімдердің шығармашылық бірлестігі, әдістемелік кеңес, пәндік үйірмелер, тәрбие талаптарына жауап беретін түрлі кеңестер, өзін-өзі басқару құрылымдары, қоғамдық бірлестіктер, ауыл, ата-анаман байланыс жүйелері жұмыс істейді. Соның нәтижесінде мектеп 2010 жылы ҚР рәміздері бойынша «Тірек» мектеп атанды.
 
Мектеп мақтаныштары
Бүгінгінде Тәуелсіз Қазақстанның белгілі азаматтарына айналған мектеп түлектерін мақтанышпен атай аламыз. «Ел басқарып отырған тәуелсіз еліміздің өркендеуіне қолдау көрсетіп отырған, облыстық маслихаттың екі шақырылымының депутаты «Ерен еңбегі, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарының және ҚР президентінің «Парыз» сыйлығының иегері, мектебіміздің демеушісі- Сәду Бекенов жайлы қаншама айтсақ та көптік етпейді. Сонау тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде туындаған қиыншылықтар мен ауыртпалықтардан өз ауылдастарын қажырлы еңбегінің арқасында алып шықты. Сондықтан да өрісі биік тұлға көптің мақтанышы атанды. 
Ұлы Нұрлан Бекенов 2003 жылдан бері Астана қаласында ҚР бас прокуратурасының «Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің» аға бөлім прокуроры болып  қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда ҚР президенті жанындағы мемлекетті басқару Академиясында магистрант. 
Маңғыстау өңірінде ірі кәсіпкер, мәслихат депутаты, демеушілердің бірі – Жаңбырбай Дәрменов. Оңтүстік Қазақсан прокурордың аға көмекшісі ақпарат бастығы – Әбдіраман Аққулов. Дияров Берден Рыскулович
Мақтарал ауданына қарасты жұқпалы аурухана меңгерушісі, жоғары санатты – Жаңабай Қанжігітов. Мақтарал ауданы ішкі істер басқармасының орынбасары подполковник – Сапарғали Абдуллаев. 1979-1981 жылы кеңес әскерінің қатарында Ауғанстанда интернационалдық борышын атқарды. Әскерде көп дөңгелекті БТР машинасын жүргізді. Бірнеше медальдармен наградталған – Махмут Үсенбаев, 1980-1982 жылдары Кеңес әскерінің құрамында Ауғанстанда интернационалдық жауынгерлік борышын атқарды. Әскери тапсырмаларды орындауда көзге түсіп, бірнеше медальдармен марапатталған –Үсенбай Тәңірбергенов, Сәкен Жайлыбаев сынды азаматтарымыз мектебіміздің мақтаныштары.
  Мектебіміздің жетістіктері
Мектебіміздің тарихында тұңғыш рет 1988-1989 оқу жылында «Күміс белгі» иегері Қонаров Төлеген, 1991-1992 оқу жылында «Күміс белгі» иегері атанған Мұхтар Тәңірбергенов сынды білімді де тәрбиелі оқушылар кейінгі буынға үлгі бола білді. Аға буынның жалғасы ретінде Ақбота Нұрмұханова «Алтын белгі» иегері атанды. Саналы да сапалы білім берген ұстаздарының ерен еңбегінің нәтижесінде мемлекетіміздің грант иегерлері атанды. 2004-2005 оқу жылында Қарлығаш Әзенова, Тұрар Ізбаев. 2005-2006 оқу жылында Меруерт Серікбаева, Жазира Мәмбетова. 2006-2007 оқу жылында Әйгерім Жайлыбаева, Әйгерім Нысанбаева, Айдана Диярова, Гүлназ Ерекова, Несібелі Абдуллаева.2007-2008 оқу жылында Ардақ Ерекова, Маржан Бекмухамедова, Айдана Барлыбаева, Элмира Әбілхайырова, Әсет Дияров, Дәурен Дияров, Майра Жайлыбаева, Айгерім Матжанова, Көзжан Молдабаева. 2008-2009 оқу жылында Гауһар Әуелбаева, Ержан Бекмухамедов, Бағила Елешова, Қарлығаш Үсенбаева, Айдана Өтепбергенова. 2009-2010 оқу жылында Бану Диярова, Жадыра Диярова, Арман Сағындық, Сәуле Тойлы, Ақбота Нұрмұханова, Айсұлу Нұртілеуова, Назира Оңайбаева, Ақылбек Тәңірбергенов, Бекбол Байтілеуов, Шерхан Мәтжанов, Нұрсұлтан Оразбаевтар мемлекетіміздің грант иегерлері.  
Қорыта айтқанда, әр мұғалім өз ауылының мәдениетін көтеруге, ұлттық салт – дәстүрді, салауаттылықты насихаттауға жұртшылық алдындағы мұғалімдік биік тұлғасын қалыптастыруға күш салады. Мектептің бүгінгі талантты әншілері: Мерей Құрбанбаев, Ардақ Оңғарбаев, Күнімай Жолдасовалар ертең-ақ ел еркесіне айналар өрендер.Егемен еліміздің білім керуенінде өзіне лайықты жүгімен, айқын мақсат,бағыт-бағдармен сара жолда саңлақ жүріп келе жатқан «Кетебай» ауылындағы Ә. Молдағұлова атындағы №21 жалпы орта мектебінің бүгінгі келбеті осындай. 
Прокомментировать
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив