«Сәлем саған сүйікті, алтын ұя мектебім!» атты білім күніне арналған салтанатты іс-шара
Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің Ә.Молдағұлова атындағы №34 жалпы орта мектебінде «1 қыркүйек – білім күні» мерекесіне орай «Сәлем саған сүйікті, алтын ұя мектебім!» атты білім күніне арналған салтанатты іс-шара өткізілді.
Шуақты қыркүйек айының алғашқы күні барша оқушы қауым алтын ұя мектебіне қайта оралып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған балдырғандармен бірге сыңғырлаған қоңырау үнімен табысатын күн әркім үшін мереке, әркім үшін естен кетпес естелік. Меркелік іс-шараға ұлағатты ұстаздар қауымымен бірге оқушылар және ата-аналар қатысып, білім мекемесінің қызметкерлері мен білім шыңын бағындыруға жол тартқан балғындарымызға ақ жол тіледі.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен бастау алса, мектеп басшысы М.Тәңірбергенов пен ата-аналар комитеті атынан К.Оразханованың құттықтау сөздеріне ұласты. Іс-шара барысында оқушылар әсем ән, өрелі өлеңдері арқылы ұлағатты ұстаздарына алғыстарын білдіріп, мың бұралған билерімен көрерменді тәнті етсе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған балғын шәкірттерімізге Әліппе оқулығы салтанатты жағдайда табыс етілді. Жиын соңында алтын ұядағы алғашқы қадамдарын бастаған 1-сынып оқушылары Көпеш Есенгелді мен Сайлау Айзере биылғы оқу жылының алғашқы қоңырауын соғып, барша шәкірттерді білімге шақырса, мектеп директоры атқарылатын жұмыстар мен белгіленген межелерді айқындап, жиынды қорытындылады.



